Ж. Смат: «Референдум – жаңашыл саясатпен қатар, жаңа қоғамды қалыптастыруға мүмкіндік береді»
- ОБЩЕСТВО
- 21.07.2022
- 277 просмотра
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде өткен Республикалық Референдум Ата заңымызға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді халқымыз қолдайтындығын көрсетті. Супер президенттік басқарудан бас тартып, Парламенттің күшін еселеп, азаматтық қоғамның маңыздылығын арттыратын бұл бастама – әр бір қазақстандықты бей-жәй қалдырмайтындығы анық. Жаңа өзгерістердің тағы бір артықшылығы Президенттен бастап бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар партия қатарында бола алмайтын болды. Мұның барлығы Республика моделіне көшуге де ықпалдасады. Бұл ретте кәсіпкер, білікті сарапшы, бүгінде АҚШ-та өмір сүріп, бизнесін жүргізіп отырған Жомарт Сматтан пікір сұраған болатынбыз.
Ж. Смат, «URBAN MOVING SERVICES» компаниясының негізін қалаушы әрі Бас директоры:
- Жалпы кез келген реформа – биліктің түбегейлі өзгерісіне әкелетіні белгілі. Елдегі орын алып жатқан барлық қоғамдық-саяси ахуал – Қазақстанның жаңа даму моделіне бет бұрғандығын аңғартады. Қазір халық білімді әрі өте белсенді. Мен мұны жастарға дәріс оқып, олардан кері байланыс алу барысында жиі аңғарамын. Бұл дегеніміз – мемлекеттің басқару аппаратына талап та күшейетін болады. Бұдан бөлек, Парламентке берілетін біршама билік тармақтары елдегі демократиялық ахуалды жақсартпақ. Жұмыс барысымен алыс-жақын шет елде болғанымда ондағы бизнесмендердің, әлеуметтік кәсіпкерлік саласы өкілдерінің, сонымен қатар, азаматтық белсенділердің елдің тек экономикалық қана емес, саяси жағдайына да әсер ете алатындықтарын көрдім. Бұл дұрыс үдеріс. Себебі олар өз қажеттіліктері мен қоғам сұранысы негізінде ел саясатын қажет бағытқа бұра алады. Егер бар өзгеріс сондай сатыға көтерілетін болса, онда Қазақстан дамудың дұрыс жолында деп түсінемін.
Референдум – жаңашыл саясатпен қатар, жаңа қоғамды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Азаматтар өздеріне артылған жауапкершілікті түсініп, қоғамдық мәдениет те дами түседі деп есептеймін. Әрине, асығыс шешім қабылдаудан аулақпыз. Десе де, бұл Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқандығын білдіреді.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың 5 маусымында өткен Республикалық референдум қорытындысы бойынша, дауыс берушілердің басым бөлігі жаңа өзгерістерді қолдады.
Нұрлан Аманжолұлы