Ж. СМАТ: АҚШ – МҮМКІНДІКТЕР ЕЛІ
- ОБЩЕСТВО
- 18.12.2023
- 354 просмотра
Мұхит асып, арман қуып кеткен қаншама азаматтарымыз бүгінде АҚШ-та өмір сүруде. Бірі оқумен, бірі еңбек ету үшін, енді бірі толыққанды көшкен отандастарымыз қазірде біраз биік белестерді бағындыруда. Елден жырақта жүріп, кәсібін дөңгелеткендер де жетерлік. Солардың арасында Жомарт Смат та бар. Бүгінде Америка құрама штаттарындағы Urban Moving Company and Logistics компаниясының Бас директоры қызметіндегі Жомарт мырзамен сұхбат құрған болатынбыз.
- Жомарт мырза, біріншіден бізбен сұхбаттасуға келіскеніңізге рақмет!
- Оқасы жоқ. Елден елеп-ескеріп, еске алып, байланысқа шыққан сіздерге рақмет.
- Алғашқы сауалымыз өзіңіз жайлы болмақ. Қай жердің тумасысыз? Қайда білім алдыңыз?
- Мен 1992 жылы Шығыстың Ұлан ауданында дүниеге келгенмін. Кейін төрт жасымда отбасыммен Шымкент қаласына көшкенбіз. 2005 жылы Астана қаласына келіп, сонда тұрақтандық. Әкем Исабек Сматұлы өмірін бухгалтерлік салаға арнаған маман. Қазір зейнеткерлікте. Ал анам болса Астана қаласындағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында кітапханашы ретінде еңбек етуде. Мектепте зерек болдым. Тарих пәнінен олимпиадалардан үздік танылып, білім ордасын қызыл дипломға бітірдім.
- Қазіргі Жомарттың зеректігі сол кезден танылды дейсіз ғой.
- Мүмкін. Бірақ оқушы кезден әр нәрсені ізденіп, зерттеп, толық қарауға тырысатынмын. Бакалаврым да, магистрлік білімді де Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Этнография» мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Бұдан бөлек, кезіндегі Т. Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық университетінде (қазіргі Narhoz) Экономика және бизнес мамандығы бойынша магистратурада білім алдым.
- Естуімізше сіз сонымен қатар әскери кафедраны да бітіргенсіз.
- Иә. Запастағы офицермін.
- Керемет! Елде де біраз салада еңбек еттіңіз. Тіпті, кәсібіңізді дөңгелетіп, оның ілгері жылжығанын да байқадық. Алайда неге АҚШ-қа барып, бизнес бастауды жөн санадыңыз?
- Қазақстанда өзімді іздедім. Үлкен логистикалық компанияларда жұмыс жасадым. Жастар саясаты, қоғамдық салада да біраз іздендім. Содан кәсіп бастап, оны ірілетуді ойладым. Біраз жетістікке де жеттік. Алыс-жақын шет елдерде жобаларымыз қолдау тапты. Елде жастарға да демеу болуға тырыстым. Алайда бизнес саласында өзімді одан әрі сынап, әлемдік нарыққа шығуды қаладым. Ал мұндай салада АҚШ-та бақ сынау нағыз арман десе де болады. Содан тілдік курстар арқылы ағылшынымды жетілдіре түсіп, АҚШ-тан бір-ақ шықтым.
- Қазіргі өзіңіз басқаратын мекеме туралы айта кетсеңіз.
- 2021 жылы «URBAN MOVING SERVICES» деп аталатын компанияны құрдым. Қазір мекемемде 50-ге жуық азамат жұмыс жасайды. Жылдық айналымымыз 1 млн доллардан асады. 1200-ден аса тапсырыс орындадық. Шүкір. Ендігі мақсат – барлық цифрларды екі есе арттыру және кеңею. Негізі біз Лос Анджелес қаласында орналасқанбыз. Алайда тапсырыстарды Американың кез келген қаласынан қабылдай береміз.
- АҚШ-та кәсіп ашу қиындық тудырмады?
- Бәрі керемет дей алмаймын. Десе де ешкім келіп аяғыңнан шалуға тырыспайды. Мұнда бастысы – уақытында салығыңды төлесең болды. Керісінше, барлығы қолдау танытып, бизнесті қолдауға тырысады. АҚШ – мүмкіндіктер елі. Мұнда қарапайым қызмет түрлерінен бастап, кез келген сала бойынша іс бастасаң, кішкене мінез танытсаң, айтарлықтай табысқа жетуге болады. Ең бастысы – нақты мақсат пен соған сай жоспар керек. Бірақ, әр істің байыбына бармай жөнсіз соқтыға беруге болмайды. Мен мұнда біраз жылдар бойы жинақтаған тәжірибемнің арқасында келдім. Содан болар сіңісу де, үйренісу де көп қиындық тудырмады.
- Керемет! Болашақ өзін бизнесте көргісі келетін және ел асып, жұмыс жасауды ойлайтын азаматтарға не тілейсіз?
- Асығыс шешім қабылдамаңыздар. Бірінші кезекте тәжірибе жинақтаңыздар. Кейін нақты мақсатпен шығыңыздар. Алғашқы қиындықтар туындағанда елге кетуді емес, сол қиындықты жеңіп, өзгеге емес, өзіңізге күшіңізді дәлелдеуді ойлаңыздар.
- Ашық әрі жылы сұхбатыңызға алғыс білдіреміз. Сіздей мақтан тұтар ерлеріміз көп болсын!
- Шақыруларыңызға рақмет!
Марғұлан Аманжолұлы