ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ 35 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КЕЗДЕСУ ӨТТІ.
- ИНФОГРАФИКА
- 13.12.2021
- 338 просмотра
Бүгін «Nur Otan» партиясы Абай аудандық филиалына қарасты «Бадам» бастауыш партия ұйымында желтоқсан оқиғаларының 35 жылдығына арналған «Желтоқсан оқиғалары» тақырыбында кездесу өтті. «Бадам» БПҰ-ы төрағасы Жартыбекова Гүлжайна Жақайқызы жиынға қатысушыларға желтоқсан оқиғасы туралы қысқаша баяндама жасады.
Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қас-қағым уақыт тәрізді, қанды жол, ауыр күндермен келген Тәуелсіздігімізге – 30 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Жыл сайын, 16-шы желтоқсан күні – біз бүкіл ел болып, Тәуелсіздік күнін, сән-салтанатты іс-шарамен, мерекелік кештермен атап өтеміз.
1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы Азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз. Шынында да Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға еді.
Желтоқсан көтерілісі дегенде есте болатын бір нәрсе – әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған КСРО-ның ыдырауына тарихи тұрғыдан негізгі рөл атқарды. Яғни Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағы деп аталатын алып империяның ыдырауын жеделдеткен тарихи көтеріліс. Оны кейін 1991 жылы болған Ыстықкөл саммитінде М.С.Горбачевтің өзі мойындаған. Осы орайда, Желтоқсан құбылысын әлемдік деңгейге көтеріп, жұртшылықтың ниетін оған бұруда америкалық Хельсинки тобының еңбегі ерекше екенін айта кетуіміз керек. Бұл топ Алматы құбылысын «М.С.Горбачев билікке келгелі бері болған халық наразылығының ең бірінші және жойқын көрінісі», — деп, алғашқылардың бірі болып таныды. Сөйтіп, олар көтерілісті «тек Қазақстан ғана емес, бүкіл одақ көлеміндегі ірі тарихи құбылыс» деп атап көрсетіп, «бұл жаңа кезеңнің басталуы» деген баға беріп, мойындаған. Осылайша, Алматы желтоқсанының жаңғырығы Сумгайт, Баку, Тбилиси, Вильнюс құбылыстарына жалғанып, одақ желтоқсанына ұласты. Тіпті, республикалар ауқымынан шығып, еуразиялық сипат алды. Оның әсері әлемдік «Варшава блогына» кіретін социалистік елдердің бұдан былайғы жерде өздерінің саяси-экономикалық, әлеуметтік, ұлтаралық, сондай-ақ, шекаралық ахуалын қайта қарауына, бағалауына орасан ықпал жасады.