Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы фракция бақылауында
- ИНФОГРАФИКА
- 09.12.2021
- 356 просмотра
«Nur Otan» партиясы Қазақстанның әрі қарайғы даму басымдықтарын белгілеген саяси құжаттар негізінде 2025 жылға дейінгі мерзімді қамтитын «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдады. Партиялық бағдарлама еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін қамтиды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына орай, Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша Жол картасы бекітілген. Он басымдықты айқындап, барлығы 149 іс-шараны атқаруды көздейтін бұл құжат Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы тұрақты дамуға қол жеткізуді көздейді.
Жоспарда қала тұрғындарының сұраныстары екшеленіп, түрлі салалар бойынша бес жыл ішінде қол жеткізілетін нақтылы көрсеткіштер тізбегі түзілді. Барлық фракция мүшелері Жол картасындағы индикаторлардың орындалуына жауапты болып бекітілген. Бұл өз кезегінде Жол Картасының сапалы әрі уақытылы орындалуына септігін тигізуде.
Ағымдағы жылдың 11 айында 2021 жылға жоспарланған 122 іс-шараның 57-і (47%) аяқталып, 65 – і (53%) жылдың соңына дейін орындалады деп күтілуде. Әрбір атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен уақытылы орындалуы партия назарында екенін жеткіземін.
Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесінің алуы қала экономикасын дамытудың негізгі басымдығы ретінде көп қабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге серпін берді. Қазіргі таңда қалада 1,6 млн. шаршы метр болатын 14 551 пәтерлі 275 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде биыл алғаш рет бір миллион шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланды. Үй кезегіндегі 6 716 отбасы баспаналы болады. Студент жастарға арналған 1474 орындық 4 жатақхана пайдалануға берілді.
Партиялық жоспар шеңберінде жоғары және бірінші санатты мұғалімдер үлесін алдағы бес жылда бүгінгі 55 пайыздық көрсеткіштен 85 пайызға дейінгі межеге, яғни 30 пайызға арттыру жоспарланған. Кәсіптік білім беру саласында өндіріске қажетті мамандар даярлауды озық әдістемеге негізделген дуальды оқыту моделімен ұштастыру көзделген. Бүгінгі таңда қалада 18135 мұғалім бар. Сапалық құрамы – 67,3%, санаты бар мұғалімдердің саны - 12208.
Жалпы, 2025 жылға дейінгі мерзімде 72 мектептің құрылысы жоспарланған. Биылдың өзінде жаңа ғимараттар, қосыша оқу корпустарын салу жұмыстары жүргізіліп, 12 714 орындық 25 мектеп тапсырылды. (бюджет есебінен 4 мектеп, жеке инвесторлар есебінен 21 мектеп).
Былтырғы жылы Шымкент қаласындағы мектептерде әрбір 29 оқушыға бір компьютерден келетін болса, биыл бұл көрсеткіш әрбір төрт оқушыға бір компьютерден келетін деңгейге жеткізілді.
Сонымен қатар, қаладағы барлық білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылды.
Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жобалар қолға алынып отыр. 2023 жылға дейінгі мерзім ішінде қала орталығынан шалғайда жатқан аумақтарда 12 дәрігерлік амбулатория салынатын болады. 120,3 млрд теңге көлеміндегі инвестиция есебінен 1000 орындық медициналық академиялық клиника салынады. Ағымдағы жылы 2 медициналық мекеме салу жоспарланған. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде тәулігіне 2,5 мың азаматты қабылдайтын 5 медициналық мекеме салынды.
Сонымен қатар, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең қоғам» оңалту орталығы және Респродуктивті медицина институтының Шымкент қаласындағы филиалы ашылды.
Қолға алынған жұмыстар азаматтардың өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткішін 74,6 жастан 77,4 жасқа дейін ұлғайтуға, Шымкент қаласының сапалы медициналық қызмет көрсету орталығы ретінде танылуына, ерекше күтімді қажет ететін 37 мыңнан астам азаматқа тең әрі қолайлы мүмкіндіктер жасалуына ықпал етеді.
Тұрғындарды салауатты өмір салтына бейімдеу, дене шынықтырумен тұрақты айналысатындар санын 33 пайызға дейін жеткізу мақсатында 2 заманауи дене шынықтыру және сауықтыру кешендері, 7 стрит-воркаут қозғалысының орталықтары, 73 спорт алаңшалары, 37 спорт секциялары ашылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Металлург стадионын қайта құрудан өткізуге жұмыспен қамту жол картасы есебінен 1397,0 млн.теңге қаржы қарастырылған. Қажымұқан атындағы орталық стадионның қайта құру жұмыстарына техникалық-экономикалық негіздемесінің оң қорытындысы алынған, құрылыс жұмыстарын 2023 жылға жүргізу жоспарлануда.
Партия алға қойған басты міндеттің бірі – жұмыссыздық деңгейі көрсеткішінің асып кетпеуіне жол бермеу. Бұл бағытта бес жылдық мерзімде 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу, ішкі нарықты өз тауарларымызбен қамтамасыз етуді 36,8 пайызға жеткізу , шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар санын 159,4 мың адамға жеткізу міндеттері қамтылған.
Ағымдағы жылы 700-ден астам азаматты тұрақты жұмыс орнымен қамтыған 15 жаңа өндіріс орны ашылып отыр. Шымкент қаласына келетін инвестиция 41 пайызға өсіп, республикада бірінші орынға шыққанын атап өткім келеді.
Осы жұмыстардың нәтижесінде осы жылғы он айда 14,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ, бағдарламада шалғайдағы елді мекендерді көркейтуде ауыз су, көгілдір отын, сапалы электр энергиясын 5 жылда 100% жеткізу жоспарланған.
- Осы жылы ауыз сумен қамтамасыз етуді 98% жеткіздік;
- Көгілдір отынмен тұрғындардың 93% қамтамасыз етуде №3 автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы аяқталуда;
- «М-1-М» және «Бозарық» қосалқы электрстанциялары іске қосылды. 2021 жылға сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуді 95% жеткіздік;
- 16 км кәріз жүйесін салу жоспарланған. Бүгінде 88% орындалды. Жыл соңына дейін толық орындалады.
Жолдар мен көлік инфрақұрылымы саласында: 1 үлкен жолайырықтың және 4 көпірдің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Бүгінгі күні 210 аялдама мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жабдықталған. Жыл соңына дейін жалпы 250-ге жеткіземіз.
Қоғамдық көлік саласында 590 жаңа автобус алынып бағыттарға қойылды. 100% қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесі енгізілді. «Shymkent-bike» (Шымкент байк) жүйесі іске қосылды.
Ағымдағы жылға жоспарланған 43,8 км жолдар күрделі жөндеуден өтуде. 151 көшенің орташа жөндеу жұмыстарының 125 (жалпы шақырымы 183,4) біткен. Барлық жұмыстар жылдың соңына дейін аяқталады.
Қоғамдық қауіпсіздік пен цифрландыру саласында: қаладағы 4 аудандық полиция басқармасының жанынан «Бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер ашылды.
Қалада «109» желісімен ІКОМЕК (ай көмек) жедел қызмет көрсету орталығы ашылды.
Бұл жоспарланып орындалған іс-шаралардың бір бөлігі ғана. Осы ретте, партияның алдағы атқарар жұмыстары мен бағыты айқын. Барлық міндеттер дәйекті жоспарлармен белгіленген. Оны жүзеге асыруға әлеуетіміз жетеді.
Біздің еліміз бен туған қаламыздың одан әрі гүлденуіне, өзіміз үшін қолайлы болуына, әл-ауқатымыздың артуына қол жеткізуге мүмкіндігіміз зор деп білемін. Барша Шымкент тұрғындарын ортақ мақсатқа күш біріктіруге шақырамын.