«ҚОРҒАУ»: ШЫМКЕНТТЕ 124 МЫҢҒА ЖУЫҚ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ
- РЕГИОН
- 25.09.2022
- 149 просмотра
Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.
Мәселен, сәуір айынан бастап «Сергек Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала - Шымкентте 123 964 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 62, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 4478, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 926 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 206, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 903, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 418, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 684 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 26, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 116 262 хаттама толтырылып, 2289 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.
«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан бері 6 692-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзған 1907 жүргізуші ұсталды.
Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді. Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Жол техника инспекция бөлімінің қызметкерлері қала көшелерінде зерделеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Шапырашты көшесінің қиылысындағы жол айрығының жол таңбалары сызылды. Сонымен қатар, Шымкент қаласы көшелеріне ҚР Жол жүрісі қағидаларының 3.24 (ең жоғарғы жылдамдықты шектеу 40км/сағ) 4 дана, 3.24 (ең жоғарғы жылдамдықты шектеу 20 км/сағ) 4 дана жол белгілері орнатылуда. Сондай-ақ, білім мекемелерінің алдына жол белгілері қойылып, оқушылардың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіліп жатыр. Мәселен, "Сайрам" шағынауданындағы мектеп алдына 1 дана «жасанды жол кедергісі» орнатылды.
Қаламызда бүгінде «Абайлаңыз – балалар!» іс-шарасы аясында оқушылар жол ережесін жетік меңгеруде. Шымкент қаласындағы №132 жалпы білім беретін мектебінің 2022-2023 оқу жылында «Жолда жүру ережесін сақтайық!» тақырыбында 1-7 сынып оқушыларына Қаратау АПБ Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Б.Абдраманов түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Аталған іс-шараның мақсаты - кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алдын-алу болып табылады. Жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен олардың ата-аналары арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша жұмыстар атқарылуда.