Шымкент: Тұрғындарға баспаналы болудың жолдары түсіндірілді
- РЕГИОН
- 18.11.2021
- 62 просмотра
Бүгінде еліміздің үшінші мегаполисінде 46 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Биыл Шымкент қаласы аумағында 1 миллион шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Бұл бағытта жекеменшік инвесторлар қаржысына тұрғызылып жатқан көпқабатты үйлерді қоспағанда мемлекеттік бағдарламалар аясында «Тұран» шағынауданында ғана 88 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Мұндағы мақсат – анық, меже – айқын. Мүмкіндігінше баспана кезегінде тұрған отбасылардың проблемасын шешу.
Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжановтың қабылдауына жазылған 20-ға жуық тұрғынның барлығы баспана мәселесін көтерді.
Қабылдау барысында тұрғындарға ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының талаптарына сай мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек реті арқылы берілетіндігі түсіндірілді.
Баспана кезегіне тұрмаған Айдана Тұрымбетова сынды тұрғындарға жеңілдетілген несиелік бағдарлама арқылы баспаналы алудың жолдары баяндалды.
Басқарма басшысының айтуынша, тұрғын үй кезегіне тұрмаған және иелігінде жылжымайтын мүлік тіркелмеген төлемге қабілетті азаматтар «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы бола алады. Әрбір отбасының баспаналы болуына мүмкіндік беретін бағдарламаның жылдық сыйақы жарнасы – 7%, бастапқы жарна – баспана құнының 20%-ы болса, несие – 25 жылға беріледі.