Шымкентте игерілмей жатқан жер телімдері мемлекетке қайтарылды
- РЕГИОН
- 20.10.2021
- 88 просмотра
Бұл туралы 9 айды Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің алдында қорытындылаған қалалық қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев хабарлады.
– Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер телімі иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, мемлекет меншігіне өз еркімен жалпы алаңы 303,3385 гектар 6 жер учаскесі қайтарылды, – деді басқарма басшысы.
Салалық басқарма жыл басынан бері 48 құрылыс нысанына қатысты тексеру тағайындап, 139 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Басқарма басшысының айтуынша, 20 техникалық қадағалаушы, 2 авторлық қадағалаушы, 2 жобалау сарапшы және 1 техникалық қадағалаушы мекеме жауапкершілікке тартылған. Анықталған кемшіліктер бойынша 25 субъектіге кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілген.
Қалада мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі құрылыстарға тапсырыс беретін құрылыс, энергетика және инфрақұрылымды дамыту, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарымен бірге нысандарды аралап, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар жолданған.
Заңсыз құрылыстар туралы жолданған талап арыздардың нәтижесінде сот шешімімен 8 нысан бұзылған.
Есепті жиынды қорытындылаған қала әкімі заңсыз құрылыстың алдын алу бойынша нақты міндеттер жүктеп, құрылыс саласындағы бақылауда сапаға айрықша назар аударуды тапсырды.