Шымкентте 25 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады
- РЕГИОН
- 17.08.2021
- 144 просмотра
Биыл Шымкент қаласында жаңа оқу жылында білім беру ұйымдары 17-ге артып, 785-ке жеткен. Білім мекемелерінде 2021-2022 оқу жылын 350 мыңға жуық білім алушымен басталғалы отыр. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева айтты.
Жаңа оқу жылында балалар саны 8 мыңға артқан. Ал білім күні 25005 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа барады.
Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифиингте осы және өзге де білім саласына қатысты жайттар туралы баяндаған басқарма басшысы дәстүрлі білім берудің санитарлық талаптарға сай ұйымдастыру жоспарланғанын атап өтті. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға берілетін көмектерге де тоқталды.
– 1 қыркүйектен бастап дәстүрлі форматта оқыту жоспарлануда. Мектеп формасына қойылатын талаптар сақталады, бұл ретте мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат етіледі. Білім қоры арқылы мектеп формасына бір реттік қаржылай көмек қаладағы 57 466 балаға беріледі. 30 мың теңге көлеміндегі қаржы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көп балалы отбасыға және басқа санаттағы балаларға берілетін болады, – дейді Жанат Арысбекқызы.
Айта кетейік, Шымкенттегі жалпы, 785 білім беру мекемесінің 526-сын – балабақша, 203-ін – мектеп, 32-сін – колледж құрайды