Шымкент: Жолайрық құрылысында инженерлік жұмыстар аяқталды
- РЕГИОН
- 01.09.2021
- 134 просмотра
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы негізінен инфрақұрылымды дамыту, көгалдандыру, қоршаған ортаны жақсарту сынды түрлі салалардағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталған.
Бүгінде аталған бағдарлама аясында үшінші мегаполисте орталық көшелердің көлік өткізу қабілетін жақсарту, азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау бағытында Д.Қонаев даңғылы мен Тұрар Рысқұлов көшесінің қиылысынан жолайрық құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысан мегаполис үшін маңызды болғандықтан қала әкімінің ерекше бақылауына алынған.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов күн сайын құрылыс басына келіп, атқарылып жатқан ауқымды жұмыс барысын жіті бақылауында ұстап отыр.
Әзірге үшінші мегаполистегі үлкен жолайрықтың жалпы ұзындығы Д.Қонаев даңғылы бойынша – 1 шақырымнан асса, Т.Рысқұлов көшесі бойынша – 0,7 шақырымға жуықтайды. Жолдың ені – 45 метр.
Құрылысты аяқтау осы жылдық желтоқсан айына межеленген. Қазіргі таңда құрылыс аумақтағы инженерлік жұмыстар аяқталып, құрылысшылар жол салу, бағандарды бекемдеу сынды жұмыстарды атқаруда.
Айта кетейік, жоба бойынша Т.Рысқұлов көшесінің А.Байтұрсынов көшесінен М.Дулати көшесіне дейінгі аралығындағы бөлігінің енін кеңейтіп, жол жамылғысын жаңарту қарастырылған.