Шымкентте реновация бағдарламасына тозығы жеткен 107 тұрғын үй енген
- РЕГИОН
- 06.08.2021
- 113 просмотра
Еліміздегі ірі мегаполистер санатындағы Шымкент қаласында тозығы жеткен тұрғын үйлерді түбегейлі жаңарту бойынша ірі құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Жөндеу жоспарына кіретін үйлердің басым бөлігі қала орталығында орналасқандықтан инвесторлар бұл іске қызығушылық танытуда. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда «BI Group», «Otau Group» сынды бірқатар ірі құрылыс компанияларымен келіссөздер жасалуда. Аталған реновациялық бағдарлама инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылмақ.
Реновация бағдарламасы әкімдіктің қаулысымен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бекітілді. Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін тұрғындардың келісімі алынатын үйлердің тізбесі анықталып, іске асыру көзделген.
Тұрғын емес үй-жайлардың меншік иесінің мүлкін реквизициялау кезінде оның құны толығымен өтелу арқылы меншік иесі келіскен жағдайда, өткізілетін мүлік үшін өтемақы немесе салынып жатқан нысандардағы ауданы жағынан бірдей тұрғын емес үй-жайлар беру арқылы қамтамасыз етілмек.
Бүгінде Шымкентте жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша реновация бағдарламасына тозығы жеткен 107 тұрғын үй енгізілген. Оның ішінде: Абай ауданында – 56, Әл-Фараби ауданында – 43, Еңбекші ауданында – 8 тұрғын үй бар.